Жуырда "Қайраттың" алдағы уақыттағы бюджеті қысқартылатыны туралы ақпарат шықты. Бейресми ақпарат бойынша, алматылық команданың бюджеті алдағы уақытта 40 пайызға дейін азаяды. Осы орайда Vesti.kz тілшісі командаға шолу жасап, бюджеті қысқаратын "Қайраттан" қай футболшылардың кетуі мүмкін екенін тізіп шықты.
2020 жылы "Қайрат" командасының бюджеті 4,9 миллиард теңге болды. Оның 800 миллион теңгесі әкімшіліктен бөлініп, ұжымның академиясына бағытталып тұрды. Осы есеппен шығарғанның өзінде де алдағы жылы алматылық ұжымның жалпы бюджеті 2,94 миллиард болады. Бұл көрсеткіштің тағы 800 миллион теңгесі академияға кетеді.
Ал биыл Қазақстан чемпионы болған қостанайлық "Тобылдың" бір жылдық ақшасы 2,25 миллиард теңгені құрады. Осы қаржының өзімен "Тобыл" жақсы команда құрып, он бір жылдан кейін чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Егер расында "Қайраттың" бюджеті қысқаратын болса, онда клуб басшылары қаржыны ұқыпты жаратуы керек болады әрине. Бірінші кезеңте Қайрат Боранбаев футболшылардың жалақысын қайта қарап, қысқартуына да тура келеді. Өйткені, "Қайрат" футболшылары ел біріншілігінде ең көп табыс табатындардың қатарында. Әңгіме команданың басты жұлдыздары - Вагнер Лав пен Яцек Гуральски жайында. Орайы түскенде айтайық, Лав алматылық клуб сапында келер жылы болмауы мүмкін. Себебі оның келісімшарты жыл соңында аяқталады. Ал жоғарыдағы бюджетпен оны клубта қалдыру тиімсіз. Гуральскидің келісімшарты болса 2023 жылы бітеді.
Одан бөлек, өткен аптада Хосе Кантеге болгариялық ЦСКА, әзірбайжандық "Нефтчи" мен "Карабах" командалары қызығушылық білдіріп жатқаны туралы ақпарат шықты. "Карабахқа" қарсы кездесуге Канте екі гол соққан болатын. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды. Сондықтан алдағы уақытта "Қайрат" Хосені де басқа командаға сатуы бек мүмкін. Иә, гвинеялық шабуылшы қазір ұжымның көшбасшысы екені анық. Бірақ "Қайратқа" қазір ақшаны ретке келтірген қатты маңызды.
Егер де жоғарыдағы лидерлер кететін болса, Курбан Бердиевке жаңа футболшылар іздеуге тура келеді. Жас әрі жалақысы төмендеуінен. Әйтпесе, "Қайраттың" әлемдік деңгейдегі ойыншыларды алуға қалтасы көтермейді.
Дегенмен де "Қайрат" бәрібір қазақ футболының көшбасшы командасы болып қала бермек. Қайрат Боранбаев та сонша жыл құрған командасын бір жылда құрдымға кетірмейді. Не дегенмен келесі маусым қызық болайын деп тұр. Биыл "Қайрат" әлі Конференция лигасы мен Қазақстан кубогінде өткізетін ойындары бар. Бюджет те, басқа дүниелер де сол матчтар аяқталғаннан кейін шешіледі.