Уругвай мен Кабо-Верде құрамалары футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі матчта жеңімпазды анықтай алмады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Н тобы аясындағы кездесу АҚШ-тың Майами қаласында өтіп, 2:2 есебімен тең аяқталды.
Матчтағы есепті 21-минутта Кабо-Верде құрамасының ойыншысы Кевин Ленини ашты. Алайда бірінші таймның соңына қарай Уругвай құрамасы таразы басын өз пайдасына аударды.
Алдымен 44-минутта Максимилиано Араухо есепті теңестірсе, қосымша уақытта өзі нәтижелі пас беріп, Агустин Каноббио Уругвайды алға шығарды.
Осылайша, командалар үзіліске Уругвай құрамасының 2:1 есебіндегі басымдығымен аттанды.
Дегенмен екінші таймда Кабо-Верде саңылау тауып, есепті қайта теңестірді. 61-минутта Элиу Варела мергендігімен көзге түсіп, өз командасына маңызды ұпай сыйлады.
Айта кетейік, бұған дейін Н тобындағы тағы бір матчта Испания құрамасы Сауд Арабиясын 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, топ көшбасшысы атанған еді.
Еске салайық, әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне әр топта алғашқы екі орын алған құрамалар тікелей жолдама алады. Сонымен қатар, үшінші орынға тұрақтаған командалар арасындағы үздік сегіз құрама да келесі кезеңге өтеді.