"Пари Сен-Жермен" футболшылары Франция чемпионатының 21-туры аясында өз алаңында "Марсельді" тас-талқан етті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Париж қаласындағы "Парк-де-Пренс" стадионында өткен кездесу алаң иелерінің 5:0 есебіндегі ірі жеңісімен аяқталды.
Бірінші таймда Усман Дембеле дубль авторы атанды - ол 12 және 37-минуттарда мергендік танытты. Үзілістен кейін марсельдіктер сапынан Факундо Медина автогол жасап қойды (64-минут). Кейін алаң иелерінің басымдығын Хвича Кварацхелия (66-минут) мен Ли Кан Ин (74-минут) еселей түсті.
Осы нәтижеден кейін ПСЖ 51 ұпаймен турнир кестесінде бірінші орында тұр. Ал "Марсель" 39 ұпаймен төртінші сатыда орналасқан.
13 ақпандағы келесі турда ПСЖ сырт алаңда "Реннмен" ойнаса, "Марсель" 15 ақпанда өз алаңында "Страсбурды" қабылдайды.