Криштиану Роналду Диогу Жотаның жерлеуіне бармағаны үшін сынға ұшырады. Алайда Португалия футбол федерациясы ұлттық құраманың капитанын қорғап, оның шешімін түсіндірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Футбол әлемін дүр сілкіндірген қайғылы оқиға
3 шілде күні "Ливерпуль" шабуылшысы Диогу Жота мен оның інісі Андре Силва Испанияның солтүстігінде жол-көлік оқиғасынан қайтыс болды. Қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын Жота сүйіктісі Руте Кардозумен үйленген болатын. Қоштасу рәсімі футболшының туған қаласы Гондомарда өтті. Жерлеуге оның командаластары мен құрамалық серіктестері - Бруну Фернандеш, Рубен Диаш, Бернарду Силва және Вирджил ван Дейк келсе, Роналду бұл шарада болмады.
Португалия федерациясы Роналдуды қорғап мәлімдеме жасады
Португалия футбол федерациясының президенті Педру Проенса Роналдуды сыннан арашалап, былай деді:
"Криштиану алғаш күннен бастап біздің жанымызда болды. Ол - бұл трагедияны жүрегімен қабылдағандардың бірі. Оның физикалық түрде болмауы - бейжайлықтың белгісі емес. Ол әрқашан біздің отбасымыздың бір бөлігі болып қала береді", – деп келтіреді Проенсаның сөзін Goal.
Проенсаның айтуынша, Роналду жерлеуге келмей, өзінің танымалдығы оқиғаның мәнінен басты назарды аударып жібермеуін қалаған. Желіде Криштиану қаза тапқан футболшының отбасына көңіл айтты.
Айта кетейік, "Ливерпуль" клубы Диогу Жотаның отбасына оның келісімшартының соңғы екі жылына тиесілі барлық қаражатты толық төлейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ, англиялық клуб футболшының 20-нөмірін мәңгілікке марқұмға бекітті.
Жарнама