"Манчестер Юнайтедтің" бұрынғы бас бапкері Алекс Фергюсон Криштиану Роналду жайлы естелігімен бөлісті, деп жазады Vesti.kz тілшісі "қызыл сойқандардың" ресми сайтына сілтеме жасап.
"Роналдумен алғаш жұмыс істеп жүрген жылдары ол расымен де симуляцияға жақын болатын. Кейін есейе келе қарсылас команданың қорғаушыларына қарсы жақсы ойнай бастады. Ер жетті, есі кірді. Англия футболының қандай екенін сезінді. Бірде "Арсеналмен" матчқа дайындалып жатқанбыз. Бір күн бұрын жаттығуда Роналдудың жалғыз жүргенін көрдім. Жанына барып, жаттығудан кейін қалып тағы да доп тебетініңді білем. Бірақ қазір жауын құйып тұр. Жасыл алаңның сапасы да нашарлап кетті. Оның үстіне күн де салқын. Одан да ертеңгі ойын алдында демал деп кеңсеме келіп терезеден қарасам, ол бірінші алаңнан екіншісіне яғни синтетикалық төсеніште жаттығып жатыр екен. Осыдан кейін оған айтар сөзім қалмады. Ол шынымен де өзгелерден озық болды. Осындай жоғары деңгейге жету үшін көп нәрседен бас тартып, өзін құрбандыққа шалды. Роналду бүгінгі таңда әлемдегі маңдай алды футболшылардың бірі. Бұл жетістікке өзінің еңбегі арқылы жетті", - дейді сэр Алекс Фергюсон.
Еске салайық, Криштиану Роналду жазғы трансферлік маусымда "Манчестер Юнайтедке" қайта ауысып келді. МЮ сапында өткізген 4 ойында 4 гол соғып үлгерді.