"Қайраттың" жаңа ойыншысы Жоао Пауло алматылық клуб үшін Чемпиондар лигасы матчіндегі бірінші ойынына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Израильдік "Маккабимен" Алматыда өткен қарымта кездесуде Пауло алаңға 90-минутта шыққан болатын.
"Чемпиондар лигасының іріктеу матчіне қатыстым, мен үшін жасап жатқанының бәріне Тәңіріме тағы бір алғыс", - деп жазыпты бразилиялық Instagram желісінде.
Еске салайық, алматылықтар өз алаңында "Маккабиді" 2:0 есебімен ұтып, екі матч қорытындысы бойынша келесі кезеңге өтті.
Бразилиялық ойыншының "Қайратқа" ауысқаны 6 шілдеде белгілі болды. Келісімшарт 1,5 жылға есептелген. 10 шілдеде алматылық клуб Паулоны Қазақстан кубогі топтық кезеңіндегі талдықорғандық "Жетісумен" бірінші матчте алаңға шығарды.