"Хатайспор" командасының жартылай қорғаушысы Кристиан Атсу кеше болған Түркиядағы жер сілкінісінен кейін хабар-ошарсыз. Ол бір күн алдын ғана "Касымпашаға" қарсы ойында жеңіс голын соққан еді.
31 жастағы ганалық футболшы түрік командасы қатарына өткен жазда қосылған еді. Жер сілкінісі команда орналасқан Кахраманмараштағы базаға жақын маңда қатты сезілген. Қазіргі таңда үйінділер астынан команданың бірнеше ойыншылары құтқарылған. Ал Кристиан Атсу мен клубтың спорттық директоры Танер Савут табылмады. Кей ақпарат көздері табылғаны жайлы хабарлағанмен, клуб басшылығы мұны жоққа шығарды.
Кристиан Атсу бұған дейін ағылшынның "Челси", "Ньюкасл", "Эвертон" және "Борнмут" клубтарында ойнаған. Сондай-ақ Нидерландының "Витесс", Испанияның "Малага", Португалияның "Порту" және Сауд Арабиясында "Әл Раэд" клубтарында доп тепкен.
Айта кетейік, 7,4 балдық жер сілкінісі 6 ақпан күні Газиантеп қаласына жақын маңда болған. Жойқын табиғат апатынан қаза болғандар саны 3000 мыңға жуықтаған, 15 000 адам жарақат алған. Түркиямен шекаралас Сирия елі де жер сілкінісінен ауыр зардап шегіп отыр. Онда 1500-ге жуық адам қаза болған.
Қазіргі таңда футболдан Түркия чемпионаты уақытша тоқтатылды. Ал елде 7 күндік аза тұту күні жарияланды.