Испания құрамасы футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының алғашқы финалисі атанды, деп хабарлайды Vesti.kz.
АҚШ-тың Арлингтон қаласында өткен жартылай финалда Луис де ла Фуэнте жаттықтыратын команда Францияны 2:0 есебімен ұтты.
Испаниялықтар есепті 22-минутта ашты. Франция құрамасының қорғаушысы Люка Динь Ламин Ямалға қарсы ереже бұзғаннан кейін, сальвадорлық төреші Иван Бартон пенальти белгіледі. 11 метрлік айып добын Микель Оярсабаль мүлт жіберген жоқ.
Үзілістен кейін "қызыл фурия" басымдығын еселей түсті. 58-минутта Педро Порро мергендік танытып, матчтың қорытынды есебін белгіледі.
Айта кетейік, Франция құрамасының негізгі құрамында турнирдің үздік сұрмергендерінің бірі Килиан Мбаппе алаңға шықты. Алайда бұл оның ӘЧ-2026 аясында нәтижелі әрекет көрсете алмаған алғашқы ойыны болды.
Осылайша, Испания әлем чемпионатының финалына өткен алғашқы құрама атанды. Енді шешуші кездесуде олар Англия мен Аргентина арасындағы екінші жартылай финалдың жеңімпазымен кездеседі.
Еске салайық, әлем чемпионатының қазіргі чемпионы – Аргентина. 2022 жылғы мундиальдің финалында аргентиналықтар Францияны ұтып, әлем чемпионы атанған еді.