Шабуылшы "Дженоа" Джанлука Скамакканың әкесін Римде полиция ұстап әкетті. Шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасаған "Матч ТВ" мәліметінше, ер адам "Романың" жаттығу кешені аумағына кіріп, тұрақта тұрған көліктерді темірмен соққылай жөнелген.
Футболшының әкесі римдік клубтың скауты Бруно Контиді іздеп, одан "ірі көлемдегі" ақшаны талап еткен екен. Оқиға орнына бірден полиция шақырылды.
"Бұл жай мен үшін шок, бұл туралы оқыдым. Шынымен мұны түсіндіре алмаймын. Бұл жайында айту ауыр, бірақ, сөз ету керек сияқты. Әкем баяғыда-ақ анамнан бөлек кеткен, ал мен анам және әпкеммен бірге өстім. Міне менің отбасым. Ал әкеммен сирек көрісетінмін. Алайда бұл айта бергім келмейтін тақырып.
Әкем карьерамды басқару ісіне ешқашан қатысты болмаған. Болған жағдай өкінішті және таңқалдырады, басқа не айтарымды білмеймін", - дейді Джанлука Скамакка.