Испания кубогының финалына шыққан "Барселона" тарихи көрсеткішке жетті

Сурет: iSport.ua

Каталондық "Барселона" қарымта матчте "Севильяны" ірі есеппен ұтып, Испания кубогының финалына шықты,- деп хабарлайды Vesti.kz

Барселонадағы "Камп Ноу" стадионында өткен кездесу овертаймда бітті - 3:0.

Ойынның негізгі уақыты 2:0 есебімен аяқталған. "Барселона" сапынан Усман Дембеле (12-ші минут), Жерар Пике (90+4) және Мартин Брейтуэйт (95) гол салды. 73-ші минутта "Севильяның" жартылай қорғаушысы Лукас Окампос пенальтиде мүлт кетті. Ал Фернандо (90+2) мен Люк Де Йонг (103) алаңнан қуылғаннан кейін севильялықтар азшылықта ойнады.

Еске салайық, бірінші кездесуде "Севилья" каталондықтарды 2:0 есебімен ұтқан еді. 

Осылайша, "Барселона" Испания кубогының финалында "Леванте" - "Атлетик" жұбының жеңімпазымен ойнайды.

MisterChip мәліметінше, "Барселона" Испания кубогының 119 жылдық тарихында он үш маусымда он рет финалға жете алған жалғыз команда екен.