Иран құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионаты қарсаңында оқу-жаттығу базасын ауыстыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Vesti.kz сайты ESPN арнасына сілтеме жасап.
Бұған дейін команда АҚШ-тың Тусон қаласында дайындалуы тиіс болған. Алайда енді ирандық футболшылар Мексиканың Тихуана қаласында орналасатын болды. Иран футбол федерациясының басшысы Мехди Таджтің айтуынша, бұл шешімді ФИФА мақұлдаған.
Базаның ауыстырылуына Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдай, қауіпсіздік мәселелері және логистикалық қиындықтар себеп болған. Сонымен қатар, Мексикаға көшу америкалық визаға қатысты ықтимал қиындықтарды айналып өтуге мүмкіндік береді. Команда турнирге Iran Air әуе компаниясының рейстері арқылы жетіп, АҚШ аумағына Мексика шекарасы арқылы кірмек.
Дегенмен, ФИФА әзірге бұл шешімді ресми түрде растаған жоқ.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексика аумағында өтеді. Иран құрамасы G тобында Жаңа Зеландия құрамасымен 16 маусымда, Бельгия құрамасымен 21 маусымда және Мысыр құрамасымен 27 маусымда кездеседі.