Иран билігі 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына қатысу-қатыспау мәселесі бойынша әлі нақты шешім қабылдаған жоқ. Бұл туралы елдің спорт министрі Ахмад Доньямали мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Алдағы әлем чемпионаты тарихта алғаш рет 48 құраманың қатысуымен өтеді және үш елде (АҚШ, Мексика және Канада аумағында) ұйымдастырылады. Турнир 11 маусым мен 19 шілде аралығына жоспарланған.
Министрдің айтуынша, Иран құрамасының турнирге бармау нұсқасы да қарастырылып отыр. Алайда егер қатысу туралы шешім қабылданса, команда толық дайын болуы тиіс. Соңғы шешімді үкімет пен Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесі қабылдауы мүмкін.
Негізгі шарт – спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұған дейін Иран тарапы FIFA ұйымымен өз матчтарын АҚШ аумағынан Мексикаға көшіру мүмкіндігін талқылаған.
Аймақтағы геосаяси жағдай да шешімге әсер етуде. АҚШ пен Израиль тарапынан Иран аумағындағы нысандарға жасалған соққылардан кейін жағдай күрделене түсті. Кейін уақытша бітім жарияланғанымен, келіссөздер нақты нәтиже бермеді. Қазіргі таңда жаңа келіссөздер жасау жайы қарастырылып жатыр.
Жарнама