Миланның "Интер" клубы футболдан Италия чемпионаты аяқталуға үш тур қалғанда (мерзімінен бұрын) чемпион атанып отыр, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұл А сериясының 35-турында Кристиан Киву шәкірттері өз алаңында "Парма" клубын 2:0 есебімен ұтқаннан кейін болып отыр. Жеңімпаздар сапында голдарды Маркюс Тюрам (45+1) мен Генрих Мхитарян (80-минут) соқты.
"Интер" 82 ұпай жинап, екінші орында келе жатқан өткен маусым чемпионы "Наполи" (70 ұпай) енді жете алмайтын артықшылыққа ие болды. Ал "Парма" 42 ұпаймен 12-орында тұр.
Осылайша, "Интер" өз тарихында 21-рет Италия чемпионы атанды. А сериясында бұдан көп титул тек "Ювентуста" ғана бар (36). Сонымен қатар, "нерадзурри" соңғы алты жылда үшінші рет чемпион атанып отыр.
Бұған дейін "Интер" 2020/2021 маусымында Антонио Конте жетекшілігімен және 2023/2024 жылғы маусымда Симоне Индзаги баптаған кезде А сериясында жеңіске жеткен болатын.