2025/2026 жылғы маусым қорытындысы бойынша "Алтын бутсы" жүлдесінің иегері анықталды. Аталған марапатты Мюнхеннің "Бавария" клубының шабуылшысы Харри Кейн жеңіп алды, деп хабарлайды Vesti.kz.
32 жастағы ағылшын футболшысы "Бундеслигада" 31 матч өткізіп, 36 гол соқты. Германия чемпионатының коэффициенті екіге тең болғандықтан, Кейн 72 ұпаймен рейтинг көшін бастады.
Екінші орында Эрлинг Холанд. "Манчестер Сити" шабуылшысы Англия премьер-лигасында 27 гол соғып, 54 ұпай жинады. Ал үздік үштікті Мадридтің "Реал" клубының форварды Килиан Мбаппе түйіндеді. Франциялық шабуылшы Ла Лигада 25 мәрте мергендік танытып, 50 ұпай еншіледі.
Жалпы, Кейн өткен маусымда "Бавария" сапында барлық турнирде 51 матч өткізіп, 61 голдың авторы атанды. Бұл оның краьерасындағы жеке рекорд.
Бұл Харри Кейннің мансабындағы екінші "Алтын бутсы" жүлдесі. Ол бұған дейін де "Бавариядағы" алғашқы маусымында (2023/24) 36 гол соққан болатын.
Осылайша, Кейн екі мәрте бұл марапатты иеленген тарихтағы оныншы футболшы атанды әрі мұндай жетістікке жеткен алғашқы ағылшын ойыншысы болды. Одан көп "Алтын бутсыны" тек Лионель Месси (алты рет) мен Криштиану Роналду (төрт рет) ғана жеңіп алған.
Кейн "Бавария" клубына 2023 жылдың тамызында ауысты. Оның мюнхендік клубпен жасалған келісімшарты 2027 жылдың маусымына дейін жарамды. Ал Transfermarkt порталы футболшының нарықтағы бағасын 65 миллион еуроға бағалап отыр.
Бундеслиганың биылғы маусымындағы 34 тур қорытындысы бойынша "Бавария" мерзімінен бұрын чемпион атанып, 89 ұпай жинады.
Жарнама