Норвегиялық "Манчестер Сити" шабуылшысы Эрлинг Холанд Англия Премьер-лигасындағы (АПЛ) манчестерлік дерби тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды. Ол "Манчестер Юнайтедке" қарсы өткен сегізінші матчында тоғызыншы голын соқты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Холанд Агуэро мен Рунидің рекордын жаңартты
АПЛ-дің 4-турындағы кездесу "Манчестер Ситидің" 1:0 есебімен жеңісімен аяқталды. Матчтағы жалғыз голды Холанд соқты. Осы гол норвегиялық футболшыға манчестерлік дербидегі нәтижелілік бойынша жаңа рекорд орнатуға мүмкіндік берді.
Енді Холандтың Англия чемпионатында "Манчестер Юнайтедке" қарсы өткен сегіз матчта тоғыз голы бар. Бұған дейінгі рекорд "Манчестер Сити" мен Аргентина құрамасының аңызға айналған шабуылшысы Серхио Агуэроға тиесілі еді. Ол 13 дербиде сегіз гол соққан.
"Манчестер Ситиге" қарсы матчтарда дәл осындай көрсеткішке "Манчестер Юнайтедтің" бұрынғы ағылшын шабуылшысы Уэйн Руни де қол жеткізген. Алайда оған сегіз гол соғу үшін 21 матч қажет болды.
Осы маусымда алты гол соқты
Холанд 2022 жылдан бері "Манчестер Сити" сапында өнер көрсетіп келеді. Ол ағылшын клубына дортмундтық "Боруссиядан" ауысқан.
Норвегиялық шабуылшы осы маусымда да жоғары нәтижелілігімен көзге түсіп жүр. Оның "Сити" сапында барлық турнирде өткізген алты матчта алты голы соққан.
Жарнама