"Барселона" клубының бұрынғы жартылай қорғаушысы әрі бас бапкері болған Хави біраз шындықтың бетін ашты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Ол кезінде Мессидің ПСЖ-дан кейін каталондық клуб сапына қайта оралу мүмкіндігі бар болғанын, әрі кімнің қарсы болғаны жайлы айтты.
«Мен тырыстым. Бірақ ештеңе шықпады. Біз бес ай бойы келіссөз жүргіздік, бәрі дайын еді, бірақ соңында клуб президенті бас тартты.
Мен Дани Алвесті қайтара алдым, сондай-ақ Педро Родригес, Неймар және Лионель Мессиді қайтаруды да ойладым. Бірақ қаржылық жағдай мүмкіндік бермеді. Мессимен келісім іс жүзінде дайын болған, алайда президент оны соңына дейін жеткізгісі келмеді», — деді Хави Ромарионың YouTube арнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Хави "Барселонаны" 2021 жылдан 2024 жылға дейін жаттықтырды. Осы кезеңде командамен бірге Испания чемпионатын және Суперкубокты жеңіп алды.