Англия құрамасының капитаны Харри Кейн футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында Аргентинадан ұтылғанына қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Шабуылшының айтуынша, команда бұл жеңілісті ауыр қабылдады, өйткені финалға шығуға өте жақын болған. Сонымен қатар, ол Англияның жеңіліске ұшырауына әсер еткен негізгі себептерді атады.
"Команда, бапкерлер штабы және жанкүйерлер үшін қатты өкінемін. Матчтың басым бөлігінде жақсы ойнадық. Есепте 1:0 болып алға шыққаннан кейін, сол басымдықты сақтап қалуға ғана тырысқандай болдық. Бірақ мұндай деңгейде бұл жеткіліксіз. Осында жету үшін қаншама еңбек еттік. Жігіттер бар күшін салды, жанын аямады. Бұлай жеңілу өте ауыр.
Бірінші таймда және екінші таймның басында біз қарсыласқа жоғары қысым жасап, жақсы прессинг көрсеттік. Сол арқылы допты тартып алып, ойынды бақылауда ұстадық. Бірақ Англия гол соққаннан кейін, олар шабуылға көбірек ойыншы қосты ма, әлде біз жеке-жеке қарсы тұра алмадық па, әйтеуір Аргентинаның шабуылдары бірінен соң бірі толастамады. Жігіттер соққылардың жолын бөгеді, бірақ, бұл жеткіліксіз болды.
Бұл турнирде жақсы матчтарымыз көп болды. Тағы бір жартылай финалға жеттік. Мақсатымызға жақынбыз. Енді шешуші сәтте жетіспейтін соңғы бөлшекті табуымыз керек", – деді Кейн ФИФА-ның ресми сайтына берген сұхбатында.
Еске салайық, Англия жартылай финалда бірінші болып есеп ашқанымен, кездесудің соңында Аргентинаға 1:2 есебімен жол беріп, әлем чемпионатының финалына өте алмады.
Жарнама