Германиялық Роберт Бауэр азаматтық алып, Қазақстан құрамасында өнер көрсетпек. Бұл туралы "Тень отца Гурмана" телеграм арнасы хабарлап отыр.
"Ол қыркүйектегі матчтерге қатысуы да ықтимал. Сонымен бірге, Қазақстан азаматтығы оған ЕАЭО елдері чемпионаттарында легионер есептелмейтін болады. Ал көк құжатты ала салысымен, оң қапталдағы қорғаушы іздеп жүрген мәскеулік "Спартак" онымен бірден келісімшарт жасайды", - деп жазады мәлімет көзі.
Еске салайық, 26 жастағы Бауэр Германияға 1994 жылы көшіп барған эмигранттар отбасында дүниеге келген. Ол құрама сапына 2015 жылы шақырылған, бірақ, ол кезде бас тартқан еді.
Бауэр – "Карлсруэ" түлегі. "Ингольштадт", "Вердер" мен "Нюрнберг" клубтарында ойнаған. Германияның Олимпиада құрамасымен 2016 жылғы Рио-де-Жанейродағы ойындарда күміс жүлдегер атанған.
Transfermarkt порталы футболшының құнын екі миллион еуроға бағалап отыр.