Футболдан Германия құрамасында 2026 жылғы әлем чемпионатындағы сәтсіздіктен кейін бас бапкер ауысуы мүмкін, деп хабарлайды Vesti.kz.
Юлиан Нагельсман жаттықтырған бундестим әлем чемпионатының 1/16 финалында Парагвайдан ұтылып (1:1, пенальтиде – 3:4), турнирмен қош айтысты.
Ойыннан кейін Нагельсман қызметінен өз еркімен кетпейтінін, бірақ, Германия футбол одағының (DFB) кез келген шешімін мақұл көретінін мәлімдеді.
Sky Sport Deutschland мәліметінше, қазіргі бапкермен жұмысты жалғастыру ықтималдығы өте төмен. Соңғы шешім әлі қабылданбағанымен, DFB басшылығы Нагельсманға деген сенімін жоғалта бастаған.
Германия құрамасы үшін кем дегенде 1/8 финалға шығу міндет саналған еді. Сондықтан маманның қызметінен босатылуы барған сайын шынайы сценарийге айналып отыр.
Клопп Германия құрамасын жаттықтыруға дайынThe Telegraph басылымының хабарлауынша, 59 жастағы Юрген Клопп Германия құрамасын басқаруға дайын. Дереккөздің мәліметінше, егер DFB ресми ұсыныс жасаса, тәжірибелі маман оны қабылдауға келісім береді.
Юрген Клопп – қазіргі футболдағы ең табысты бапкерлердің бірі. Ол Дортмундтың "Боруссиясымен" 2011 және 2012 жылдары Германия чемпионы атанса, 2015-2024 жылдары "Ливерпульді" жаттықтырып, сегіз жүлде жеңіп алды. Оның ішінде Англия премьер-лигасы мен Чемпиондар лигасындағы жеңіс бар. 2024 жылы Клопп бапкерлік қызметіне үзіліс жариялап, қазір Red Bull компаниясының спорттық бағытына жетекшілік етеді.
Айта кетейік, Германия құрамасы қатарынан үшінші әлем чемпионатында күткен нәтижеге қол жеткізе алмады.
2014 жылғы әлем чемпиондығынан кейін немістер 2018 және 2022 жылғы мундиальдарда топтық кезеңнен аса алмаған болатын. Ал ӘЧ-2026 турнирінде плей-оффтың алғашқы сатысында жарыс жолынан шықты.
Юлиан Нагельсман Германия құрамасын 2023 жылдан бері жаттықтырып келеді. Оның жетекшілігімен команда өз алаңында өткен Еуро-2024 турнирінің ширек финалына дейін жетіп, кейін Испаниядан ұтылған еді.