Англияның "Кристал Пэлас" клубының вингері Эванн Гессан ерекше тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды Vesti.kz.
24 жастағы ивуариялық футболшы тарихта бір маусымда екі түрлі еурокубок турнирінің жеңімпазы атанған алғашқы ойыншы болды.
Маусымның алғашқы бөлігін Гессан "Астон Вилла" сапында өткізді. Футболшының трансферлік құқығы да осы клубқа тиесілі.
Еуропа лигасының негізгі кезеңінде жартылай қорғаушы ағылшын клубы үшін жеті матч өткізіп, екі гол соқты. Ал 20 мамырда "Астон Вилла" финалда Германияның "Фрайбург" клубын 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, Еуропа лигасының жеңімпазы атанды.
Маусымның екінші бөлігінде Гессан "Кристал Пэлас" сапында жалға алу келісімі бойынша өнер көрсетіп жүр.
Конференциялар лигасында ол алты матч өткізіп, бір голдың авторы атанды. 27 мамырда "Кристал Пэлас" финалда Испанияның "Райо Вальекано" клубын 1:0 есебімен жеңді.
УЕФА ережесіне сәйкес, жеңімпаз команда сапында турнирге қатысқан әрбір футболшы ресми түрде чемпион болып есептеледі.
Осылайша, Эванн Гессан бір маусымда Еуропа лигасы-2025/26 және Конференциялар лигасы-2025/26 турнирлерінің жеңімпазы атанды.
Айта кетейік, "Кристал Пэлас" клубы тарихында алғаш рет еурокубок финалында ойнап, осы жеңістің арқасында келесі маусымдағы Еуропа лигасына жолдама алды.