Алматылық "Қайраттың" бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі екінші турында грекиялық "Панатинаикоспен" өткен матч туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Алматыда өткен кездесу 1:5 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды. "Сары-қаралардың" бапкері мұндай нәтижеге не себеп болғанын түсіндірді.
"Айтарлықтай ештеңе жоқ, ірі есеппен ұтылдық. Қарсыласқа жылдам гол соғуға мүмкіндік бердік, ойынға бірден кірісе алмадық. Сондықтан ерте ауыстыру жасауға тура келді.
Жеңіліске қарамастан, бұл ойыншылар үшін жақсы тәжірибе болды деп ойлаймын. Есеп ірі болғанына қарамастан, жігіттер ойынды жалғастырды. Прессинг жасап, қақпашыға қысым көрсетті. Бірақ қарсыластың деңгейі байқалды.
Қазіргі деңгейіміз - осы. Бәлкім, "Панатинаикос" осы маусымдағы ең қиын қарсыласымыз шығар. Олармен ойнау мүмкін емес деп айтпас едім. Бірақ олардың шеберлігі жоғары. Олар біздің қақпаға бізден аз соққы жасады, алайда бес гол соқты.
Жанкүйерлер "Қашанғы осылай болады?" деп айқайлап жатыр ма? Нені "қашанғы" дейді? Менің ойымша, ойынымыздың сапасы жақсы болды, батыл ойнадық. Мұны айқайлап тұрған адамдар футболды түсінбейді. Олар айқайлайды, бірақ футболдың мәнін түсінбейді. Жігіттер тырысып, бар күшін салды. Мұндай сөз айтатындар - ақымақ адамдар", - деді Уразбахтин.
Сондай-ақ "Қайрат" бапкері бірнеше ойыншыға жеке тоқталып, келесі жылға арналған трансферлік жоспарларға қатысты жағдайды түсіндірді.
"Трансферлер бойынша тізімім бар ма? Қазір айта алмаймын. Әзірге легионерлер лимитіне қатысты жағдай белгісіз. Бірақ кейбір позицияларды күшейткіміз келетіні анық.
Байбектің алаңға шығуы туралы айтсам, тың ойыншыны қосқымыз келді. Ал Широбоковтың алдыңғы матчтағы ойыны маған ұнамады.
Эдмилсонның жарақатына келсек, оның тобығы жарақаттанған. "Ақтөбеге" қарсы ойнай ала ма, білмеймін. Аяғы қатты ісіп кетті.
Жас ойыншыларға келсек, олар жылдың басымен салыстырғанда өсіп келеді. Жарайсыңдар. Барлығы өздеріне байланысты", - деп атап өтті алматылық клубтың бас бапкері.
Қазіргі уақытта "Қайраттың" Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі екі турдан кейін еншісінде бір ұпай бар. Ал "Панатинаикос" еурокубок турнирінде алты ұпай жинады.
Жарнама