Ауыл балалары үшін ауқымды мерекеге айналған республикалық Halyk Open Cup футбол турнирі өз мәресіне жетті. Финалдық кезеңде Қазақстанның әр өңірінен келген 16 команда бақ сынады. Биылғы жарыс #АуылФутбол жобасы аясында Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының 10 жылдығына орай 3-6 тамыз аралығында Алматы облысында ұйымдастырылды.
Жас футболшылар үшін бұл турнир жеңіс үшін таласатын алаң ғана емес, жаңа достар табатын, тәжірибе жинайтын, үлкен жарыстың рухын сезінетін ерекше мүмкіндік болды.
Қалаға жету – ауыл командасы үшін үлкен сын
Ірі қалаларда футбол жарыстары жиі ұйымдастырылғанымен, ауыл командасы үшін бір турнирге қатысудың өзі оңай шаруа емес. Жол ақысы, жатын орын, спорт киімі мен құрал-жабдық – мұның бәрі қомақты шығынды қажет етеді. Сондықтан #АуылФутбол жобасы ауыл баласына мүмкіндік беруді басты мұрат еткен. Halyk қайырымдылық қоры 2023 жылдан бері жобаға тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде қордың көмегімен 25-тен аса тегін турнир, соның ішінде үш республикалық чемпионат ұйымдастырылды. Командалардың жол шығындары өтеліп, спорт жабдықтарымен қамтамасыз етілді.
«Бұл – балаларды бөлетін емес, мүмкіндік теңестіретін жоба»
«#АуылФутбол жобасы жеті жылға жуық уақыт бойы тек ауыл командаларына арналған турнирлерді ұйымдастырып келеді. Қазір турнирлер көп, бірақ олар көбінесе ауыл командалары үшін қолжетімсіз. Себебі формаға ақша керек, төлем жасау қажет. Одан өзге команданы тасымалдау шығыны бар. Бұл спорттағы негізгі мәселелер. Ал бұл турнирде «Halyk» қайырымдылық қорының бас демеушілігімен команда құрал-жабдықтармен және формамен қамтамасыз етіліп, турнирге қатысу үшін жол ақысы төленді және турнирге қатысу тегін, ешқандай алым жоқ. Бұл жолы да келген командалардың барлық шығынын Halyk қоры көтеріп отыр», – дейді жобаның авторы Серік Мәмбетов.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 16 команда, яғни 200-ден астам жас футболшы мен жаттықтырушы Halyk Open Cup – 2026 турнирінде бас қосты. Алғашқы екі күнде командалар топтық кезең мен плей-офф ойындарында өзара мықтыны анықтаса, шешуші үшінші күні үздік төрт команда чемпиондық пен жүлделі орындар үшін тартысты.

Турнирдің бас демеушісі – Halyk қайырымдылық қоры чемпион атанған команда ойыншыларына ерекше сый жасады. Жеңімпаз «Ақбарыс» командасының әрбір ойыншысына бір-бір велосипед табысталып, барлығы 12 велосипед сыйға берілді. Сондай-ақ чемпиондық кубокты еншіледі. Күміс жүлдені де Алматы облысының тағы бір өкілі – «Алмалы» командасы иеленді.
Қола медаль Атырау облысының «Сағыз» командасына бұйырса, үздік төрттікті Жамбыл облысының «Шебер» командасы түйіндеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дайындалған кубоктар мен медальдар табысталып, футбол доптары мен жаттығу құралдары сыйға берілді.
Дәстүр бойынша турнир соңында үздік ойыншылар да арнайы марапатталды:
Үздік қақпашы – Қанат Еркебұланұлы («Сағыз»);
Үздік қорғаушы – Нұржан Азаматұлы («Шебер»);
Үздік шабуылшы – Ибрахим Әбидоллаұлы («Алмалы»);
Турнирдің үздік ойыншысы және «Алтын доп» иегері – Абрахим Дүйсенбек («Ақбарыс»).
140 командадан құралған үлкен қозғалыс

Бүгінде #АуылФутбол Қазақстан бойынша ауылдардан шыққан 140-тан аса футбол командасын біріктірген ауқымды қоғамдық қозғалысқа айналды. Шағын бастама ретінде басталған жоба бүгінде ауыл баласының арманына жол ашатын үлкен алаңға ұласты.
Қордың қолдауымен 100-ден аса ауыл командасы спорт киімдермен және жаттығу жабдықтарымен қамтамасыз етілді. Ауыл бапкерлеріне арналған арнайы оқу курстары ұйымдастырылып, Қазақстан футбол федерациясының бағдарламасы негізінде UEFA лицензиясын алуға мүмкіндік беретін оқыту жүйесі жолға қойылды. Сонымен қатар, #АуылФутболCoach білім беру бағдарламасы іске қосылды.
Ауылдан халықаралық алаңға дейінгі жол
Жобаның ең айтулы жетістіктерінің бірі – ауыл командаларының халықаралық жарыстарға жол ашуы. 2025 жылы ауыл командасы алғаш рет Ташкентте өткен халықаралық турнирге қатысты. Болашағынан үміт күттіретін жас футболшылар үшін оқу-жаттығу жиындары да ұйымдастырылды.
Бұл – ауылда өскен баланың да үлкен футболға қадам басуына болатынын дәлелдейтін маңызды белес.
Үлкен жеңіс алғашқы қадамнан басталады
«Қазақстандық спортшылар халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, жас ұрпаққа жігер береді. Біз үлкен жеңістер баланың спорттағы алғашқы қадамынан басталатынына сенеміз. Сондықтан дарынды балалардың әлеуетін ашатын жобаларды қолдауды жалғастырамыз. Halyk қорының 10 жылдығын балалармен, бапкерлермен және жасөспірімдер спортын дамытуға үлес қосып жүрген жандармен бірге атап өту – біз үшін үлкен қуаныш», – деді Halyk қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Жарнама