Футболдан Қазақстан құрамасында коронавирус анықталды

Фото: Тұрар Қазанғапов, Vesti.kz©️

Футболдан Қазақстан құрамасы штабынан бірнеше адам коронавирус жұқтырды. Бұл туралы инсайдер, журналист Айдын Қожахмет өзінің телеграм-каналында жариялады. Оның сөзінше бірнеше ойыншы да жұқтырған болуы мүмкін.  

"Біздің футболдағы кезекті оқыс оқиға. Қазақстан құрамасының штабындағы бірнеше адам коронавирус жұқтырды. Анығын айтсақ, әңгіме жаттықтырушы Сергей Калюбин (ол кешегі ойында қосалқы құрам қатарында отырған жоқ) және команда үйлестірушісі Максим Шауберт туралы болып отыр.  

Енді кімнің оқшауланып, кімнің Киевке баратыны белгісіз. Негізі олармен тренерлік құрамның өзге де мүшелері, үйлестіруші топ, тіпті ойыншылар да байланыста болды ғой" - дейді Қожахмет. 

Естеріңізге сала кетейік, күні кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы "Астана Арена" кешенінде Қазақстан құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионаты іріктеу ойындарының бірінші кездесуін Францияға қарсы өткізіп, 0:2 есебімен жеңілген еді. Украинаға қарсы матчты Қазақстан құрамасы 31 наурыздан 1 сәуірге қараған түні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 00:45-те сырт алаңда өткізетін болады.