Франция құрамасының футболшылары мен ұлттық федерация басшылығы 2026 жылғы әлем чемпионатындағы ықтимал жеңіс үшін төленетін сыйақы мәселесі бойынша келісімге келді, деп хабарлайды Vesti.kz.
RTL журналисі Филипп Санфорштың мәліметінше, тараптар әлем біріншілігінің ашылу күні ортақ мәмілеге қол жеткізген.
Келіссөздер нәтижесінде турнирде сәтті өнер көрсеткен жағдайда ойыншыларға берілетін бонустар көлемі бойынша ымыралы шешім қабылданды.
"Франция футбол федерациясы (FFF) мен ойыншылар әлем чемпионатындағы жеңіс үшін берілетін сыйақылар бойынша түпкілікті келісімге келді. Әр матчқа отбасы мүшелеріне бөлінетін билет саны мәселесін қамтыған күрделі келіссөздерден кейін тараптар Бостонға келер алдында соңғы келісімге қол жеткізді", - деп жазды Санфорш әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске салайық, 2026 жылғы әлем чемпионаты ресми түрде 11 маусым күні басталады.
Турнирдің ашылу матчында Мексика мен Оңтүстік Африка Республикасы құрамалары кездеседі.