Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысатын футболшылар тізімін жариялады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Ардагер бар, бірақ "Реал" мен ПСЖ жұлдыздарының кейбірі жоқ
"Үш түстілердің" өтініміне 26 ойыншы енді. Олардың қатарында 35 жастағы Н'Голо Канте де бар.
Орталық жартылай қорғаушы биылғы маусымда Фенербахче және Әл-Иттихад сапында 27 матч өткізіп, төрт гол соғып, бір нәтижелі пас берген.
Дидье Дешам бұл шешімін былай түсіндірді:
"Спорттық деңгейі әлі де жоғары. Сауд Арабиясында жақсы ойын көрсетті, Түркияда да тәжірибесінің арқасында өз деңгейін сақтап келеді. Ол таңертең де, түсте де, кешке де күлімдеп жүреді. Жарқырап тұр. Әрдайым жақсы көңіл күйде", — деп келтіреді бапкердің сөзін RMC Sport.
Камавинга мен Шевалье құрамнан тыс қалды
Сонымен қатар мадридтік "Реалдың" жартылай қорғаушысы Эдуардо Камавинга тізімге енген жоқ.
Футболшы Чемпиондар лигасының ширек финалындағы Бавария клубына қарсы қарымта ойында қызыл қағаз алып, сол кездесуден кейін "Реал" турнирден шығып қалған болатын.
"Оның маусымы қиын өтті, жарақат салдарынан аз ойнады. Эдуардо әлі жас. Маған құрам құрылымын анықтап, таңдау жасау қажет. Бірақ оның бүгін көңілі қалғанын түсінемін", - деп жазды журналист Фабрицио Романо Дешамның сөзін келтіріп.
Сондай-ақ Дидье Дешам Пари Сен-Жермен қақпашысы Люк Шевалье неге шақырту алмағанын түсіндірді.
Шевалье 2025 жылдың жазында ПСЖ құрамына ауысқанымен, маусым барысында ресейлік қақпашы Матвей Сафоновқа негізгі құрамдағы орнын беріп қойды.
"Үшінші қақпашының рөлі ерекше. Бізбен ұзақ уақыт бірге жүрген Шевальенің көңілі қалуы мүмкін. Ол бірнеше ай бойы ойнаған жоқ. Ал Риссер тамаша маусым өткізіп жатыр. Ол — жас әрі командаға энергия сыйлайтын ойыншы. Наурыздағы ойынымен команда сенімін арттырды", - деді Дешам.
Франция құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатына арналған құрамы
Қақпашылар:
Майк Меньян ("Милан"), Брис Самба ("Ренн"), Робен Риссер ("Ланс").
Қорғаушылар:
Жюль Кунде ("Барселона"), Мало Гюсто ("Челси"), Вильям Салиба ("Арсенал"), Ибраима Конате ("Ливерпуль"), Дайо Упамекано ("Бавария"), Люка Эрнандес ("Пари Сен-Жермен"), Люка Динь ("Астон Вилла"), Тео Эрнандес ("Әл-Хиляль"), Максанс Лакруа ("Кристал Пэлас").
Жартылай қорғаушылар:
Уоррен Заир-Эмери ("Пари Сен-Жермен"), Орельен Чуамени ("Реал Мадрид"), Куадио Коне ("Рома"), Адриен Рабьо ("Милан"), Н'Голо Канте ("Фенербахче").
Шабуылшылар:
Килиан Мбаппе ("Реал Мадрид"), Майкл Олисе ("Бавария"), Усман Дембеле ("Пари Сен-Жермен"), Дезире Дуэ ("Пари Сен-Жермен"), Райан Шерки ("Манчестер Сити"), Брэдли Баркола ("Пари Сен-Жермен"), Манес Аклиуш ("Монако"), Маркус Тюрам ("Интер"), Жан-Филипп Матета ("Кристал Пэлас").
Айта кетейік, әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Мексика және Канадада өтеді.
Франция құрамасы I тобына түсті. Онда сенегалдықтармен (16 маусым), Иракпен (22 маусым) және Норвегиямен (26 маусым) кездеседі.
Жарнама