"Барселонаның" бас бапкері Ханс-Дитер Флик Англиядағы маусым алдындағы оқу-жаттығу жиынын Ла Масия академиясының түлектерін сынап көру үшін пайдаланып жатыр, деп хабарлайды Vesti.kz.
Әлем чемпионатынан кейін негізгі құрам ойыншылары демалыста болғандықтан, жастар өздерін көрсетуге мүмкіндік алды. Алайда алты футболшының болашағына қатысты шешім қабылданып қойған.
Қай ойыншылар қосалқы құрамға қайтады?El Nacional басылымының мәліметінше, негізгі құрамның көшбасшылары оралғаннан кейін төмендегі алты ойыншы "Барселона Атлетик" пен "Хувениль А" командаларына барады:
• Оскар Хистау, Жорди Пескер және Ориан Горен – оқу-жаттығу жиынына қатысқан ең жас футболшылар. Бапкерлер штабы оларды әзірге негізгі құрамдағы жоғары бәсекелестікке дайын емес деп есептейді. Әсіресе жарақат салдарынан ұзақ уақыт алаңға шықпаған шабуылшы Хистауды асықтырмауды жөн көріп отыр.
• Ибрагим Диарра – жарақат алған тағы бір талантты ойыншы. Клуб оның болашағына сенім артады, бірақ, 2026/27 жылғы маусымды ол "Барса Атлетиктің" негізгі көшбасшыларының бірі ретінде өткізеді.
• Шейн Клюйверт – әйгілі Патрик Клюйверттің ұлы. Ол айтарлықтай іргерлегенімен, әзірге тәжірибе жинауды жалғастырып, Segunda RFEF жарысында өнер көрсетеді.
Бұл тізімдегі алтыншы ойыншы – қақпашы Икер Родригес. Клуб оны болашақтағы негізгі қақпашы ретінде қарастырады. Жаттығулар барысында Родригес Ханс-Дитер Фликке ерекше әсер қалдырып, бапкердің сеніміне ие болған.
Соған қарамастан, "Барселона" басшылығы оны бірінші командада үшінші қақпашы ретінде қалдырып, ойын тәжірибесін шектегісі келмейді. Сондықтан Икер тұрақты түрде алаңға шығуы үшін "Барселона Атлетиктің" негізгі қақпашысы болады.
Ал Эбрима Тункара мен Алекс Гонсалес оқу-жаттығу жиынының қорытындысы бойынша негізгі құрамнан орын алу үшін күресті жалғастыруға мүмкіндік алады.