Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) Ресейдің 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер және қыздар құрамаларына әлем чемпионатына қатысуға рұқсат берді, деп хабарлайды Vesti.kz ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Турнир 2026 жылдың 22-31 қазаны аралығында Әзербайжанда өтеді. Ресей құрамалары өз жас санатындағы әлем біріншілігінде басқа қатысушылармен қатар өнер көрсету құқығына ие болды.
ФИФА мәлімдемесінде ұйым кеңесі жаңа турнирдің өткізілуін мақұлдағаны айтылған.
"ФИФА кеңесі 15 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасындағы турнирді өткізуді мақұлдады. Кеңес бюросы 2026 жылы Әзербайжанда 15 жасқа дейінгі футболшылар арасында әлем чемпионаты мен ФИФА фестивалін ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Ұлдар арасындағы алғашқы турнирге ФИФА-ға мүше барлық қауымдастықтардың командалары қатыса алады.
2027 жылы өтетін екінші турнир тек қыздар құрамалары арасында ұйымдастырылады. Ал 2028 жылдан бастап ФИФА барлық мүше қауымдастықтарды 15 жасқа дейінгі ұлдар және қыздар құрамалары арасындағы жеке жарыстарға қатысуға шақырады", – делінген ФИФА хабарламасында.
Айта кетейік, бұл жарыс ФИФА ұйымдастыратын жаңа халықаралық турнирлердің бірі болмақ және жас футболшыларды дамытуға бағытталған.
Жарнама