Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) АҚШ, Канада және Мексикада өтетін 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жүлде қорын айтарлықтай арттырады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Рекордтық жүлде қоры
ESPN мәліметінше, әлем чемпионатындағы жалпы жүлде қоры 655 миллион АҚШ долларын құрайды. Топтық кезеңнен өте алмаған құрамалар да 9 миллион доллардан алады, ал финалға шыққан командаларға 33 миллион долларға дейін кепілдендірілген төлем қарастырылған.
Турнир жеңімпазы рекордтық 50 миллион доллар көлемінде сыйақы алады.
Бұрынғы мундиальдармен салыстырсақ
Салыстыру үшін айтсақ, 2022 жылғы Катарда өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткен Аргентина құрамасы 42 миллион доллар алған. Ал 2018 жылы Ресейде өткен мундиальда Франция құрамасы чемпион атанып, 38 миллион доллар табыс тапқан болатын.
Өзбекстан құрамасының тарихи дебюті
Еске салайық, Өзбекстан құрамасы өз тарихында алғаш рет футболдан әлем чемпионатына жолдама алды. Команда 2026 жылғы турнирге италиялық маман Фабио Каннавароның жетекшілігімен қатысады. Бұл - Орталық Азия футболы үшін тарихи жетістік.
Жарнама