Халықаралық футбол федерациясы Қатарда өтетін әлем чемпионаты кезінде стадиондарда сыра сатылуына тыйым салынатынын ресми мәлімдеді. Чемпионат 2 күннен кейін, 20 қарашада басталады, деп хабарлайды FIFA ресми сайты.
"Қабылдаушы тарап билігі мен FIFA арасындағы келіссөздерден кейін Қатардағы ӘЧ-2022 стадиондарының периметрлерінен сыра сату нүктелерін алып тастап, алкогольді ішімдіктерді жанкүйерлердің өзге демалыс орындары мен лицензияланған мекемелерде шоғырландыру туралы шешім қабылданды.
Бұл Bud Zero (алкогольсіз сыра) сатылымына ықпал етпейді, ол Қатардағы Әлем кубогінің барлық стадиондарында қолжетімді болады.
Ұйымдастырушы ел билігі мен FIFA стадиондар мен оларға іргелес аумақтардың барлық жанкүйерлерге жағымды әрі жайлы әсер қалдырауын бұдан әрі қарай да бақылауда ұстайды.
Турнирді ұйымдастырушылар AB InBev тарапынан білдірілген түсіністік пен Қатардағы FIFA 2022™️ футболдан әлем чемпионаты кезінде баршаны қанағаттандыруға деген ортақ ұмтылысымызға қолдау білдіргенін бағалайды", - делінген Халықаралық футбол федерациясының мәлімдемесінде.
Айта кетсек, стадиондарда сыраның сатылуына тыйым салуды Қатар шейхының әулеті талап еткен.
Бұған дейін хабарланғанындай, 20 қараша мен 18 желтоқсан аралығында Қатарда футболдан әлем чемпионаты өтеді. Қазақстандықтар барлық матчтарды тікелей эфирден көре алады.