Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) Иран құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатына дайындық базасы ауыстырылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бастапқыда Иран құрамасы АҚШ-тың Аризона штатындағы Тусон қаласында орналасуы тиіс болған. Алайда команда кейін жаңа база ретінде Мексиканың шекара маңындағы Тихуана қаласын таңдады.
Лагерьдің ауыстырылуы визаға байланысты қиындықтарды болдырмауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ирандық футболшылар Мексикаға Iran Air әуе компаниясының тікелей рейстері арқылы қатынай алады.
Бұған дейін Иран тарапы Тегеран мен Вашингтон арасындағы әлі толық реттелмеген әскери шиеленіске байланысты футболшылардың қауіпсіздігіне кепілдік беруді талап еткен еді. 30 сәуірде ФИФА Иран құрамасының әлем чемпионатына қатысатынын және матчтарын АҚШ-та өткізетінін ресми мәлімдеген.
2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.
Топтық кезеңде Иран құрамасы Калифорниядағы Инглвуд қаласында Жаңа Зеландиямен (15 маусым) және Бельгиямен (21 маусым) кездеседі. Ал 26 маусымда Сиэтлде Египет құрамасына қарсы ойнайды.
Сондай-ақ, ФИФА таратқан мәліметте Конго Демократиялық Республикасы құрамасының АҚШ-тың Хьюстон қаласында орналасатыны айтылған.
Конголықтар 17 маусымда Португалия құрамасына қарсы матч өткізеді. Бұдан бөлек, "K" тобында Колумбиямен (23 маусым) және Өзбекстанмен (27 маусым) кездеседі. Бұл ойындар сәйкесінше Мексиканың Сапопан қаласында және АҚШ-тың Атланта қаласында өтеді.
Жарнама