Футбол
Бүгін 15:37

ФИФА әлем чемпионатын өткізу рәсіміне өзгеріс енгізді

©depositphotos.com

Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) 2026 жылғы әлем чемпионаты матчтарын ұйымдастыруға қатысты тағы бір жаңашылдық енгізгді, деп хабарлайды Vesti.kz.

ФИФА ӘЧ-2026-да дәстүрді өзгертеді

Әңгіме матч алдындағы рәсім туралы болып отыр. Атап айтқанда, ФИФА ұлттық құрамалардың әнұрандарын орындау тәртібін түбегейлі өзгертуді шешті. Енді футболшылар қапталда сызық бойына қатарға тұрмайды.

2026 жылғы әлем чемпионатында әр ойын алдында матчқа өтінімге енгізілген барлық футболшы алаңға шығып, ұлттық әнұран орындалған кезде орталық шеңбердің айналасына жиналады.

Турнирдің кейінгі кезеңдерінде бұл рәсім түрлі арнайы эффектілермен толықтырылады. Олардың қатарында түрлі түсті түтін мен пиротехникалық шоу да болады.

Бұл не үшін жасалып жатыр?

ФИФА президенті Джанни Инфантиноның айтуынша, бұл жаңашылдық матчтардың көрермен үшін тартымдылығын арттырып, жанкүйерлердің эмоциялық қатысуын күшейтуге бағытталған.

"Әлем чемпионаты дамыған сайын біз ойынды тамашалаудың жаңа тәсілдерін енгізуді жалғастырып келеміз. Ұлттық әнұрандар орындалған кезде барлық ойыншы мен төрешінің орталық шеңберде бір-біріне қарама-қарсы тұруы бірлік, мақтаныш және ерекше эмоция сәтін қалыптастырады. Бұл сәт командаларға да, стадиондағы барлық адамға да ортақ болады. Әлем чемпионаты – әрбір ойыншы мен әрбір жанкүйер үшін мереке. Сондықтан жаңа матч алдындағы рәсім осы идеяны көрсетеді", – деп береді Инфантиноның сөзін ФИФА-ның ресми сайты.

ӘЧ-2026 қашан және қайда өтеді?

Әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Турнир тарихында алғаш рет оған 48 ұлттық құрама қатысады.

Турнирді қабылдайтын үш мемлекет – АҚШ, Канада және Мексика автоматты түрде жолдама алды. Қалған құрамалар іріктеу кезеңінен өтті.


Топтық кезең матчтары 11-27 маусым аралығында өтеді. Командалар өзара айналым жүйесі бойынша ойнап, әрқайсысы үш матчтан өткізеді. Плей-офф кезеңіне әр топтан алғашқы екі орын алған құрамалар және үшінші орын иеленген сегіз үздік команда шығады.

Жалпы турнир барысында 104 матч ойналады. Бұл әлем чемпионаттары тарихындағы рекордтық көрсеткіш болмақ.


Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport