Африкалық маман Юсуфа Диафоне жас футболшылармен жұмыс істеу тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстан құрамасы мен "Қайрат" шабуылшысы Дастан Сәтбаевтың физикалық мүмкіндіктеріне баға берді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Жаттықтырушының айтуынша, 17 жастағы форвард өз жасына сай жақсы дайындық деңгейіне ие, бірақ, ерекше физикалық феномен деп айтуға келмейді.
"Физикалық тұрғыдан ол сондай феномен емес. U-17 әлем чемпионатында Сәтбаевқа ұқсас дене бітімі бар ойыншылар көп. Дегенмен оның жасы үшін бұл өте жақсы көрсеткіш. Ең бастысы - алдағы жылдарды тиімді пайдалану. 22–23 жасқа дейін ол өз әлеуетін толық іске асыруы керек", - деді Диафоне YouTube-тегі INSPORT арнасына берген сұхбатында.
Өткен маусымда Дастан Сәтбаев Қазақстан премьер-лигасында ("КПЛ") "сары-қаралар" командасына чемпиондық атағын қорғауға көмектесіп, турнирдің екінші үздік сұрмергені атанды - оның еншісінде 14 гол.
Қазіргі маусымда да ол алматылық клуб сапында Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнап жүр. Барлық жарыстарды қоса есептегенде, Сәтбаев 40 матч өткізіп, 18 гол соқты және 8 нәтижелі пас берді.
Еске салайық, алдағы маусымда Дастан Лондонның әйгілі клубының сапына қосылады. Биыл ақпанда "Қайрат" 17 жастағы талантын ағылшын командасына сатқанын ресми жариялаған еді. Жас шабуылшы жаңа командасына 2026 жылдың тамызында, кәмелет жасына толған соң қосылады.
Жарнама