Футболдан Түркия чемпионатындағы "Трабзонспор" мен "Фенербахче" командалары арасындағы ойын даумен аяқталды. Алаңда жанкүйерлер мен қонақ команда футболшылары қақтығысып, соңы жаппай төбелеске ұласты.
Ойында 2:3 есебімен "Фенербахче" командасы жеңіске жетті. Жеңісін айрықша тойлаған қонақ команда ойыншыларының қылығы жергілікті жанкүйерлерге ұнамай қалған. Бірнеше жанкүйер алаңға шығып қарсылық көрсеткісі келгенде футболшылар оларды соққыға жыққан. Мұны көрген өзге жанкүйерлер алаңға жұдырық ала жүгірген. Алаңдағы келеңсіздікті тәртіп сақшылары әрең тоқтатып, кей жанкүйерлерді тұтқындаған.
Бұл оқиғаға қатысты Түркия Ішкі істер министрлігі тергеу жүргізуді бастап кеткен. Олар алаңға шыққан жанкүйерлерді анықтауда.
Айта кетейік, кейінгі уақытта Түркия футболында дау-жанжал көбейді. 15-турдағы "Анкарагюджю" мен "Ризеспор" матчынан кейін бас төреші Халил Умут Мелер соққыға жығылған болатын. Бұл оқиға қоғамда дүмпу тудырып, Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған мен FIFA президенті Джанни Инфантино мұндай бассыздыққа жол берілмеуі жайлы пікір білдірді.
Одан кейін "Истанбулспор" мен "Трабзонспор" ойыны да соңына дейін жетпеді. Бас төрешінің шешіміне наразы болған "Инстанбулспор" командасының президенті командасын соңына дейін ойнатпай, алаңнан алып кеткен болатын.
Екінші лигадағы "Бурсаспор" және "Диярбакырспор" арасындағы матчта да ойыншылар жаға жыртысып, 5 бірдей футболшы алаңнан қуылды. Жанкүйерлер де наразылық ретінде алаңға заттар лақтырған болатын.