Қазақстандық белгілі маман Владимир Чебурин "Атырау" клубының бас бапкері қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Vesti.kz клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл қызметте ол беларусь маманы Виталий Жуковскийдің орнын басты.
"Владимир Николаевич Чебурин - бізбен бірге! Қош келдіңіз, бас бапкер!", - делінген "мұнайшылар" клубының мәлімдемесінде.
Бұған дейін Чебуриннің "Атыраумен" екі жылдық келісімшартқа қол қойғаны және Қазақстан жастар құрамасындағы жұмысын қатар алып жүретіні хабарланған еді.
2021–2025 жылдар аралығында Чебурин литвалық "Жальгирис" клубында жұмыс істеді. Оның жетекшілігімен команда үш рет ел чемпионы атанып, екі мәрте Кубок пен Суперкубокты жеңіп алды. Сонымен қатар, 2022 жылы клуб тарихында алғаш рет еурокубоктардың топтық кезеңіне шықты. Бұған қоса, ол литвалық "Судува" клубымен де үш рет Литва чемпионы атанған.
Өткен маусымда Атырау Қазақстан премьер-лигасында қалу үшін күресіп, маусымды турнирлік кестеде 13-орынмен аяқтаған.
Жарнама