2025/26 жылғы Еуропа лигасының финалистері анықталды - турнир трофейі үшін германиялық "Фрайбург" пен ағылшынның "Астон Вилла" клубтары таласады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Турнирдің шешуші кездесуі 2026 жылдың 20 мамырында Ыстамбұлдағы "Тюпраш" стадионында өтеді.
Тарихи финалға барар жолда "Фрайбург" алдымен Бельгияның "Генк" клубынан екі матч қорытындысы бойынша 5:2 есебімен басым түсті. Кейін испаниялық "Сельтаны" 6:1 есебімен тас-талқан етті. Ал жартылай финалда португалиялық "Брагамен" болған тартысты текетіресте 4:3 есебімен жеңіске жетті. Алғашқы ойында сырт алаңда "Брага" 2:1 есебімен басым болғанымен, қарымта кездесуде неміс клубы 3:1 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды.
"Астон Вилла" да Еурокубоктағы әсерлі өнерімен көзге түсті. Ағылшын клубы француздың "Лилль" командасын 3:0 есебімен сенімді жеңіп, кейін италиялық "Болоньяны" екі матч қорытындысында 7:1 есебімен ойсырата ұтты. Жартылай финалда "Ноттингем Форестпен" кездескен "Вилла" жалпы есепте 4:1 нәтижесімен басым түсті. Англиялық текетірестегі қарымта ойында "Астон Вилла" қарсыласын 4:0 есебімен тас-талқан етті. Ал алғашқы матчта "Ноттингем Форест" 1:0 есебімен жеңген болатын.
2026 UEFA Europa League final ???#UELfinal pic.twitter.com/YqT8jxLuTm
— UEFA Europa League (@EuropaLeague) May 7, 2026
Айта кетейік, Еуропа лигасының қазіргі чемпионы - Лондонның "Тоттенхэм" клубы. Өткен маусымның финалында "тегеуріндер" "Манчестер Юнайтедті" 1:0 есебімен ұтқан еді.
Жарнама