Еуро-2020 турнирінің жүлде қоры 331 миллион еуро

сурет: klike

Өткен аптада футболдан Еуропа чемпионаты мен Оңтүстік Америкада «Америка Кубогі» турнирі қатар басталды. Осы орайда әлем жұртшылығының назары екі құрлықтың басты додасына ауып отыр. Бұл ретте кәрі құрлық турнирінің жүлде қорына назар аударсақ.

Жалпы Еуропа біріншілігінің жүлде қоры 331 миллион еуроны құрап отыр. Салыстырмалы түрде Франциядағы соңғы турнирде ол 301 миллион еуро болған еді. Іріктеуден іркілмей өтіп, төрт жылда бір келетін футбол тойына жолдама алған құрамалар 9,25 миллион еуроны қанжығаларына байлайды.

Топтық кезеңде жеңіске жеткен команда 1 миллион еуроны алса, тең нәтижеге қол жеткізгендер жарты миллион табысқа ие болады. Сонымен қатар, 1/8 финалға жолдама алған ұжым 1,5 миллион еуро еншілейді. Ширек финалға шыққан құрама 2,5, ал жартылай финалда өнер көрсететін команда 4 миллион табысқа кенеледі. Жарыстың финалында өнер көрсететін құрамалар 5 миллионнан және жеңімпаз ұжымның есепшотына УЕФА қосымша 3 миллион еуроны аударады.

Футбол мамандарының пікірінше, биылғы жарыстың басты фавориттері Франция, Англия және Бельгия құрамалары болып отыр. Алайда әр турнирде сенсациялар орын алатынын ескерген жөн.

Метки: