Норвегия құрамасының шабуылшысы Эрлинг Холанд әлем чемпионатынан шығып қалғаннан кейін Англия құрамасына жанкүйер болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Форвард жартылай финалда қазіргі әлем чемпионы Аргентина құрамасына қарсы ойнайтын Томас Тухельдің командасына сәттілік тілейтінін айтты. Холандтың сөзінше, оның Англия құрамасына деген ерекше ықыласы бала кезінен қалыптасқан.
"Әрине, Англияның табысты өнер көрсеткенін қалаймын. Бала күнімде менде Англия құрамасының жейдесі Норвегия құрамасының жейдесінен бұрын пайда болды.
Мен әрдайым ағылшындарға сәттілік тілеймін. Бұл – тамаша ел, ал олардың жейдесі де өте әдемі", – деп береді Холандтың сөзін ESPN.
Айта кетейік, Англия әлдеқашан норвегиялық шабуылшы үшін екінші үйіне айналған. Холанд 2022 жылдан бері "Манчестер Сити" сапында өнер көрсетіп, әлемдегі ең үздік шабуылшылардың біріне айналды.
Осы уақыт ішінде ол ағылшын клубы сапында 198 матч өткізіп, 162 гол соғып, 30 нәтижелі пас берді және тоғыз трофей жеңіп алды.
Еске салайық, Норвегия құрамасы әлем чемпионатының ширек финалында Англиядан 1:2 есебімен ұтылып, турнирмен қоштасты. Енді Томас Тухельдің командасы финал жолдамасын сарапқа салатын матчта Аргентинамен кездеседі. Жартылай финалдық ойын 16 шілде күні Қазақстан уақытымен 00:00-де басталады.
Жарнама