Каталониялық "Барселона" клубының және Бразилия құрамасының вингері Рафинья карьерасын Сауд Арабиясында жалғастыруы ықтимал, деп хабарлайды Vesti.kz.
Сауд Арабиясынан қызығушылық бар
Журналист Ферран Мартинестің мәліметінше, 29 жастағы футболшыға бірден екі саудиялық алпауыт клуб қызығушылық танытып отыр. Олар - "Әл-Наср" мен "Әл-Хилял". Бұл клубтар әлемдік футбол жұлдыздары үшін қомақты қаржы төлеуге дайын екенін бірнеше рет дәлелдеген.
Дереккөздің хабарлауынша, екі клуб та бразилиялық ойыншының трансфері үшін "Барселонаға" шамамен 80 миллион еуро ұсынуға дайын. Сонымен қатар, футболшының қазіргі жалақысы төрт есеге жуық ұлғаюы мүмкін. Бұл ықтимал келісімді қаржылық тұрғыдан өте тартымды етеді.
Бразилиялық футболшының келісімшарты мен статистикасы
Рафиньяның каталониялық клубпен жасалған қазіргі келісімшарты 2028 жылдың маусым айына дейін жарамды.
Осы маусымда бразилиялық барлық турнирде 33 матч өткізіп, 21 гол соқты және сегіз нәтижелі пас берді. Ол "көк-анарлылар" клубының шабуыл шебіндегі негізгі ойыншылардың бірі саналады.
Transfermarkt порталының мәліметі бойынша, вингердің қазіргі нарықтық құны 70 миллион еуроға бағаланып отыр.
Жарнама