Дортмундтық "Боруссияның" шабуылшысы Германия чемпионатының 19-турында "Фрайбургпен" өткен ойыннан кейін болашағына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
"Боруссия" менің болашағыма қатысты шешімді жақын арада айтуымды сұрап, қысым көрсетіп жатыр. Шынымды айтсам, футболдан басқа ешнәрсе ойлағым келмейді. Тек доп тепкім келеді. Бірақ әрекет жасауым керек. Командамды сыйлағандықтан, бұрын ешқашан басқа клубқа ауысу туралы айтпайтынмын. Енді айтуға тура келеді", - деп шабуылшының сөзін журналист Ян Оге twitter парақшасында келтірді.
Биылғы маусымда Холлан "Боруссия" сапында 13 ойында 15 гол соғып, 5 нәтижелі пас берді. Норвегия құрамасының шабуылшысы неміс клубымен 2024 жылға дейін келісімшарт жасасқан. Алайда трансферлік құны 150 млн еуро тұратын футболшыны жазда "Реал", "Барселона", "Манчестер Сити", "Челси" немесе "ПСЖ" командаларының бірі сатып алуы мүмкін.
Еске салайық, Эрлинг Холлан 2019 жылдың желтоқсан айында Зальцбургтың "Ред Булл" клубынан Дортмундтың "Боруссиясына" 20 млн еуроға ауысқан болатын. Бундеслигада сәтті өнер көрсеткен жағдайда неміс тарапы аустриялық ұжымға қосымша 10 млн еуро төлеуге міндеттелген еді.