Мадридтік "Реал" жартылай қорғаушы Джуд Беллингеммен келісімшартты ұзарту жөнінде келісімге келді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Беллингем "Реалда" қалады
Инсайдер әрі журналист Фабрицио Романоның мәліметінше, тараптар жаңа келісімшарттың барлық шартын мақұлдаған. Енді мадридтік клубтың ресми мәлімдемесін күту ғана қалды.
"Реал" Беллингемнің айлығын көтереді
Бұған дейін Беллингемнің "Реалмен" жаңа келісімшарты 2031 жылдың ортасына дейін жасалатыны хабарланған еді. Қазіргі келісім 2029 жылдың жазында аяқталады.
The Athletic басылымының мәліметінше, жылына шамамен 15 миллион еуро алатын Беллингемге Испанияның 36 дүркін чемпионымен жаңа келісімшартқа отырғаннан кейін айтарлықтай жоғары айлық төленеді.
Беллингемнің "Реалдағы" статистикасы мен жетістіктері
Беллингем 2023 жылдың жазында дортмундтық "Боруссиядан" "Реалға" 103 миллион еуроға ауысты. Мадридтік клуб сапында ол Чемпиондар лигасын, Испания чемпионатын, Испания Суперкубогын, УЕФА Суперкубогын және Құрлықаралық кубокты жеңіп алды.
23 жастағы ағылшын футболшысы "корольдік клуб" сапында барлық турнирде 157 матч өткізіп, 52 гол соғып, 37 нәтижелі пас берген.
Осы маусымда Беллингем барлық турнирде 16 матчқа қатысып, бес гол мен төрт нәтижелі пас авторы атанды. Футболшының нарықтық құны – 160 миллион еуро.
Жарнама