Англия премьер-лигасының 21-туры аясында «Челси» сырт алаңда «Фулхэмнен» ұтылып қалды деп хабарлайды Vesti.kz.
«Крэйвен Коттэдж» стадионында өткен кездесу алаң иелерінің пайдасына 2:1 есебімен аяқталды. «Фулхэм» сапында голдарды Рауль Хименес (55-минут) пен Харри Уилсон (81) соқты. Қонақтар қатарынан Лиам Делап 72-минутта бір доптың есесін қайтарды. Сонымен қатар, 22-минутта Марк Кукурельяның қызыл қағаз алуына байланысты «Челси» матчтың басым бөлігін аз құрамда өткізуге мәжбүр болды.
Осы нәтижеден кейін «Челси» мен «Фулхэм» 31 ұпайдан жинап, Англия премьер-лигасының турнирлік кестесінде тиісінше сегізінші және тоғызыншы орындарға орналасты.
Келесі турда 17 қаңтарда «Фулхэм» сырт алаңда «Лидспен» кездессе, «Челси» өз алаңында «Брентфордты» ойнайды.
Еске салайық, қазақстандық футболшы Дастан Сәтбаев карьерасын лондондық «Челси» клубында жалғастырады. 2025 жылдың ақпан айында алматылық «Кайрат» жас таланттың ағылшын клубына сатылғанын ресми түрде жариялаған болатын.
Шабуылшы кәмелет жасына толғаннан кейін, яғни 2026 жылдың тамыз айында, жаңа командасына ресми түрде қосыла алады.
Жарнама