Қазақстан ұлттық құрамасының және алматылық "Қайрат" клубының шабуылшысы Дастан Сәтбаев 19 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы 2026 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеудің элиталық раундындағы матчтарға шақырылуы мүмкін, деп хабарлайды Vesti.kz.
U-19 құрамасына уақытша қосылуы мүмкін
ҚФФ құрамалар департаментінің менеджері Рахат Әкімқұлдың айтуынша, Дастан Сәтбаев негізгі ұлттық құраманың кандидаты бола тұра, қажет болған жағдайда Қазақстанның U-19 жасөспірімдер құрамасына көмектесе алады. Әңгіме бапкерлер штабтары өзара келісімге келген жағдайда, шабуылшыны Еуро-2026 іріктеуінің элиталық раундындағы ойындарға уақытша тарту жайлы болып отыр.
- Егер біздің құрама наурыз айында элиталық раундтан өтсе, бұл тарихи жетістік болады. Бірақ ол жерде Дастан Сәтбаев ойнай алмайды ғой?
"Неге? Дастан Сәтбаев ойнай алады. Егер біздің бапкерлер штабы негізгі ұлттық құраманың жаттықтырушыларымен келіссөз жүргізіп, ортақ шешімге келсе, оны шақыруға болады. Ол 2008 жылы туған. Бізде 2007–2008 жылғы футболшылар бар.
Наурыз айында ол Қазақстанда негізгі ұлттық құраманың FIFA Series турнирі аясындағы жолдастық матчтарына қатысады. Егер бапкерлер штабы оны жолдастық кездесулерге емес, элиталық раунд ойындарына тарту туралы келіссе, бұл әбден мүмкін", - деді Әкімқұл Nursultan Qurman YouTube-арнасына берген сұхбатында.
Жарнама