Футбол
3 наурыз 2020 12:09

Чемпиондар лигасының жеңімпазы футболдан шеттелді

© Eurosport
"Ливерпульдің" бұрынғы шабуылшысы Дэниэл Старридж бәс тігу ережелерін бұзғаны үшін 2020 жылдың 17 маусымына дейін футболға қатысты кез келген қызметтен шеттелді, - деп хабарлайды Англия футбол қауымдастығының (FA) ресми сайты.

2019 жылы шілдеде FA футболшыны кінәлі деп танып, алты аптаға шеттеген және 75 мың фунт айыппұл салған.

Апелляциялық комиссия шешімді қайта қарап, ереже бұзудың тағы екі эпизодын дәлелдеді. Осылайша, оның жазасы қатаңдатылды. Шеттеуден бөлек форвард 150 мың фунт айыппұл төлейді. 

Еске салайық, 2018 жылы Старридж інісіне трансфер бойынша ақпараттың бәрін ашып, "Севилияға" өтетініне бәс тігуін сұраған. Алайда аяғы ол Испанияға емес, "Вест Бромвич Альбион" командасына жалға берілді. 

Сонымен қоса, қыстық трансферлік кезеңде футболшы "Миланға" өтуге шақ қалған еді. Осы кезде оның туысы осыған бәс тіккен болатын. 

2 наурызда Старридж үш жылға келісімшарт жасасқан түркиялық "Трабзонспор" командасынан кетіп қалды. Бұл командаға ол "Ливерпульден" тегін барған еді, өйткені ол кезде футболшының англиялық клубпен келісімі аяқталған болатын. Айта кетейік, Старридж "Ливерпульмен" кейінгі Чемпиондар лигасын ұтқан.