Бүгін, 12 сәуірден 13 сәуірге ауысқан түнде Чемпиондар лигасы 1/4 финалының қарымта кездесулері өтеді, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
Ширек финалдың бірінші кездесуінде мадридтік "Реал" командасы өз алаңында "Челсиді" қабылдайды. Лондон қаласында өткен бұл командалар арасындағы бірінші кездесуде испаниялық клуб 3:1 есебімен жеңіске жетті. Сол кездесуде "Реал" шабуылшысы Карим Бензема хэт-триктің авторы атанды. Бүгін аталған кездесуді Qazsport арнасы тікелей эфирде көрсетеді. Матч Нұр-Сұлтан уақытымен 00:50-де басталады. Осы ойынды сондай-ақ мына сілтеме бойынша арнаның ресми сайтынан көруге де болады.
Ал бүгінге жоспарланған екінші ширек финалда "Бавария" Мюнхэн қаласында "Вильяреалға" қарсы ойнайды. Испанияда өткен бірінші кездесу алаң қожайындарының пайдасына 1:0 есебімен аяқталған еді. Кездесуді Qazaqstan телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Ойын Нұр-Сұлтан уақытымен 00:50-де бастау алады. Кездесуді мына сілтеме арқылы көре аласыздар.
Айта кетейік, Чемпиондар лигасының жартылай финал ойындары 26-27 сәуір және 3-4 мамырда болады. Финалдық ойын 28 мамыр күні Париж қаласындағы "Стад де Франс" стадионында өтеді.