Чемпиондар лигасының бірінші турында ПСЖ өз алаңында "Ювентусті" ұтты, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Бірінші турдың орталық матчында париждіктер өз алаңында "Ювентусті" ұтты. Есеп 2:1.
Ойынның 5-минутында Неймардан пас алған Килиан Мбаппе есеп ашса, 22-минутта Мбаппе дубль авторы атанды. Ал қонақтар сапында Вестон Маккенни 53-минутта ерекшеленді. Алайда италиялықтар матч соңына дейін таразы басын теңестіре алмады.
Осы жеңісінен кейін Кристоф Галтье командасы 3 ұпаймен Н тобында екінші орынға жайғасты. Хайфаның "Маккабиін" қабылдаған "Бенфика" болса үйінде 2:0 есебімен жеңіске жетіп, голдар саны бойынша француз клубынан алда тұр.
Әлем чемпионы атағы бар Килиан Мбаппе Чемпиондар лигасында осымен 35 голын салды. Нәтижесінде осыншама голды қысқа уақытта (23 жас 260 күн) соққан ең жас шабуылшы атанып отыр. Бұған дейін аталмыш рекорд Лионель Мессиге тиесілі еді. Килианның командаласы аталмыш турнирдегі алғашқы 35 голын 23 жас 308 күнде тіркеген еді.