"Қайсардың" вингері Виктор Мозес Қызылордаға жете алмай отыр, деп хабарлайды Vesti.kz.
35 жастағы футболшы қазіргі уақытта Дубайда (БАӘ) жүр және Қазақстан аумағында ұзақ мерзім болуға рұқсат беретін визаның мақұлдануын күтуде.
Бұған дейін тәжірибелі ойыншы жаңа командасымен БАӘ мен Түркияда өткен оқу-жаттығу жиындарына қатысып, бірнеше жолдастық кездесуде алаңға шыққан.
Айта кетейік, "Қайсар" Қызылордадағы "Қайсар Арена" стадионында жаттығып, КПЛ-2026 маусымындағы алғашқы ойынына дайындалуда. Команда 8 наурыз күні елордалық "Жеңіске" қарсы матч өткізеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 16:00-де басталады.
Еске салсақ, Виктор Мозес биыл қаңтар айында "Қайсармен" "1+1" жүйесі бойынша келісімшартқа қол қойған болатын. Нигериялық футболшы карьерасында ағылшынның "Челси" және "Ливерпуль", италиялық "Интер", түркиялық "Фенербахче", сондай-ақ, ресейлік "Спартак" (Мәскеу) клубтарының намысын қорғаған.
Жарнама