Лондондық "Челси" Англия премьер-лигасының 26-турында күтпеген жерден "Лидспен" тең түсп қалды, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Стэмфорд Бридж" стадионында өткен кездесу 2:2 есебімен аяқталды. Алаң иелері екінші таймда 2:0 есебімен алға шыққанымен, матч соңына дейін басымдықтарын сақтай алмады.
"Көктер" сапында Жоау Педро 24-минутта есеп ашса, Коул Палмер 58-минутта пенальтиден мергендік танытты. Қонақтар құрамында Лукас Нмеча 67-минутта пенальтиден гол соғып, араға алты минут салып Ноа Окафор таразы басын теңестірді.
Осы нәтижеден кейін "Челси" 44 ұпаймен турнирлік кестеде бесінші орында тұр. Ал "Лидс" 30 ұпаймен 15-сатыға жайғасты.
Келесі турда "Лидс" сырт алаңда "Астон Вилламен" кездессе, "Челси" өз алаңында "Бернлиді" қабылдайды. Екі матч та 21 ақпанға жоспарланған.
Айта кетейік, қазақстандық жас талант Дастан Сәтбаев карьерасын лондондық "Челсиде" жалғастырады. Былтыр "Қайрат" клубы жас шабуылшыны сатқаны туралы хабарлаған болатын. Ол жаңа командасына кәмелет жасына толғаннан кейін - 2026 жылдың тамыз айында қосыла алады.