Бүгін, 12 тамызда туған күнін атап өтіп жатқан "Қайрат" шабуылшысы Дастан Сәтбаев 17 жасқа толды. Жас ойыншы тек қазақстандық жанкүйерлердің емес, шетелдік футбол сүйер қауымның да назарына ілікті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінің "Слованға" қарсы қарымта матчі алдында, лондондық "Челси" жанкүйерлері Сәтбаевқа туған күнімен құттықтау жолдады.
"Челси" клубының ең ірі фанаттық парақшаларының бірі әлеуметтік желіде былай деп жазды:
"Туған күніңмен, Дастан Сатпаев (17). Келесі жылы жолығамыз!"
Тағы бір танымал жанкүйерлік аккаунт:
"Бүгін 17 жасқа толған Дастан Сатпаевты туған күнімен құттықтаймыз. Күнің сәтті өтсін деп тілейміз!", деп жазыпты.
Еске салайық, 2025 жылдың ақпанында "Қайрат" клубы Сәтбаевтың "Челсиге" ауысатынын ресми түрде жариялаған болатын. Келісім бойынша, жас шабуылшы 2026 жылдың жазында, кәмелет жасына толған соң, британиялық еңбек заңнамасына сәйкес Лондон клубына қосылады. Алайда егер Ұлыбритания үкіметі жұмыс істеуге рұқсат берсе, бұл трансфер мерзімінен бұрын жүзеге асуы мүмкін.
Айта кету керек, "Слованға" қарсы алғашқы ойында "Қайрат" 1:0 есебімен жеңіске жетті, ал жеңіс добын 90-минутта пенальтиден дәл соққан Дастан еді. Бүгінгі матчта жас дарын тағы да командасына көмектесіп, келесі кезеңге шығуға тырысады.