Еуропалық Суперлиганың президенті атанған "Реал" футбол клубының президенті Флорентино Перес жаңа турнирдің пайда болуы мен мадридтік клубтың оған мүше болуы туралы мәлімдеме жасады.
"Турнир ғана түсіретін табыстан өзгесі қалмаған кезде, үлкен ойындарды көбейткің келеді. Ал Суперлига пандемиядан келген шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Біз үлкен ойындар өткізіп, көбірек пайда табудың мүмкіндіктерін қарастыруымыз қажет.
Ешқандай қастандық болған жоқ, Италия, Англия және Испанияның ірі клубтары мынадай қолайсыз жағдайдың бір амалын табуы керек болатын. Бір "Реалдың" өзі осы маусымда 400 миллион еуро шығынға кірді.
Футбол біздің өміріміз сияқты алға жылжуы тиіс. Ол қазіргі шынайы өмір жағдайына бейімделуі тиіс. Бұл жерде көп сөйлемейін, бірақ футболға деген қызығушылық азайып кетті. Аудитория азаюда, соған сай аудиовизуалдық құқық бағасы да төмендеп жатыр" - дейді Перес.
Сонымен қатар ол: "Суперлиганың барлық қатысушылары Еуро-2020 мен ӘЧ ойындарынан шеттетілмейді. Мен оған кепілдік беремін. Олар бұған 100% сенсе болады. Суперлига клубтары ұлттық біріншіліктен де алынып тасталмайды" - дейді өз сөзінде.
Естеріңізге сала кетейік, "Реалдан" бөлек Суперлигаға қосылғаны туралы "Арсенал", "Тоттенхэм", "Челси", "Ливерпуль", "Манчестер Сити", "Манчестер Юнайтед", "Милан", "Интер", "Ювентус", "Барселона" және мадридтік "Атлетико" ресми жариялады. Бұл негізгі командалар 3,5 миллиард еуро көлемінде бір реттік сыйақы алатын болады.