"Бүйткен футболыңды...". ММА ардагері Ресей құрамасы туралы

сурет: vk

Ресей құрамасының Еуропа чемпионатындағы сәтсіз ойынынан кейін футбол жанкүйерлерінен бастап, әртүрлі саланың өкілдері де өкпе-реніштерін жарыса жазуда. Олардың арасында ММА спортының ардагері Марат Балаев та бар. 45 жастағы экс-спортшы Ресей мен Дания кездесуінен кейін инстаграм парақшасында пікір білдірді деп хабарлайды Vesti.kz.

"Біздің футболды көрмегелі 20 жыл болған. Кеше не үшін қайта қарағанымды өзім де білмеймін. Ойын нәтижесі көпшіліктің көңілінен шықпай жатыр. Оларға миллиардтап ақша берсеңіз де нәтиже өзгермейтінін айтқым келеді. Себебі балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық даярлау мектебін құртып алдық. Кезінде барлық одақтас республикаларда дарынды балалар сол мектептерде білім алатын. КСРО ұлттық жейдесін кию әр спортшының арманы болатын. Шетелдіктер КСРО десе аяқтары дірілдейтін. Қазір ондай емес. Хоккейдің өзінде қанша жылдан бері канадалықтарды ұта алмай келеміз. Футболдың да жағдайы мәз емес. Қой, барып жаттығуыма кірісейін. Бүйткен футболыңды..."

Еске салсақ, Станислав Черчесов командасы В тобында Бельгия, Дания, Финляндия құрамаларымен кездескен болатын. Топтағы үш матчтың қорытындысы бойынша ресейліктер 3 ұпаймен төртінші орынға табан тіреді.

Метки: